Әжетхана ішінде студентті зорламақ болған ақтөбелік сотталды

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - №2 Ақтөбе қалалық соты 35 жастағы сотталушыны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге оған ішімдікке қарсы ем алу міндеттелді. Іс жабық режимде қаралды. Тек үкім ашық оқылды.

Орта білімді, жұмысы жоқ ақтөбелік Ақтөбе қаласындағы дәмханалардың біріне кіріп, ондағы әжетханаға барады. Мас күйінде әйелдерге арналған жағына кіріп, есігін күштеп ашпақ болады. Қолына шанышқы ұстаған күйі ішіндегі студент қызға тарпа бас салады. Студент қарсыласып, күштеп итеріп, сытылып шығып, көмек сұрайды. Сол кезде дәмханада отырған ер адамдар шұғыл жетіп, көмек көрсетеді. Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

- Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 120-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны - қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесі. Моральдық зиян үшін өтемақы есебін 1,5 млн теңге өндірілсін, - деді судья.

Үкім кезінде судья сотталушының шын ниетпен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай деп есептеді. Ал мас күйінде қылмыс жасағаны жазаны ауырлатты. Сот-наркологиялық сараптама қорытындысына сәйкес ол мәжбүрлі түрде ем алады.

- Дәмханаға кіріп, жан-жағына қарап, адам жоқ екеніне көз жеткізіп, мас күйінде әжетхананың әйелдер жағында жәбірленушіні зорлауға оқталған. Қолындағы шанышқымен қорқытқан. Оның бәрі бейнежазбада анық көрініп тұр. Сотта куәлар да айтып берді. Жүгіріп барған жас жігіттер сотталушының қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізуге мүмкіндік бермей, сыртқа сүйреп шығарған. Мұның бәрі - дәлелдемелер жиынтығы. Сотқа дейін, сот тергеуінде сотталушының кінәсі толық дәлелденді деп есептейді, - деді судья.

Еске салсақ, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 25 жастағы сотталушыға үкім оқылды. Оның кәмелет жасқа толмаған қызға сексуалдық зорлық көрсеткені дәлелденді.