Ажырасқан ерлі-зайыптылар нарықтағы бағасы 1,1 млрд долларға жуық акцияны бөлісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда ел тарихындағы ең қымбат ажырасу үдерісі өтті. Beijing Kunlun Tech онлайн ойындарды құру бойынша компания басшысы Чжоу Яхуэй (Zhou Yahui) мен оның әйелі Ли Цюн (Li Qiong) мүлікті бөлу туралы келісімге қол жеткізді, деп хабарлады сейсенбі күні China Money Network.

Басылым ақпаратынша, ер адам бұрынғы әйеліне фирмасының 300 миллионға жуық акциясын тапсырады.  Қазір оның нарықтағы бағасы  1,1 миллиард долларға бағаланып отыр.

Айта кету керек, Чжоу Яхуэй Beijing Kunlun Tech 386 миллион (34,5 процента) құнды қағазының иесі болып қала береді. Ол компанияны басқару құқығын сақтап қалды. Компанияның нарықтағы құны бүгінгі күні 28,7 миллиард юаньды - шамамен 4,3 миллиард долларды құрайды.

Фирма мәлімдемесінде аталып өтілгендей, бұл  компанияның қызметіне әсер етпейді.

The Telegraph жазғандай, Чжоу Яхуэй 39 жаста, оның бұрынғы жары өзінен бір жас кіші.