Ажырасуға ниеттенген жұбайларға сотта Экзюперидің әйгілі туындысын оқу міндеттелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентиналық судья ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптыларды енді сотқа балаларымен бірге келіп Антуан де Сент-Экзюперидің әлемге әйгілі «Кішкентай ханзада» повесін оқуға міндеттеген.

Сондай-ақ олар этика мен адамгершілік құндылықтарын насихаттайтын басқа да әдеби шығармаларды оқулары тиіс, деп жазады РИА Новости.

Мұндай шешімді Росарио қаласының отбасылық істер жөніндегі судьясы Рикардо Дутто қабылдаған. Ол қандай да бір қарым-қатынас жасаудан бас тартқан ата-аналардың әрекетінің кесірінен олардың балалары зардап шегеді, дейді. Мұндайда әсіресе, балалардың бірі әкесінде, ал екіншісі шешесінде қалатын жағдай оларға ауыр соққы болып тиеді екен.

Осылайша, судья ажырасуға ниет білдірген ата-аналар бір ай бойы аптасына бір рет сотқа келіп, арнайы қызметкердің қадағалауымен «Кішкентай ханзада» шығармасын, «Балалардың құқықтары туралы конвенция» мен испандық философ Фернандо Саватердің «Амадорға арналған этика» атты адамгершілік мәселелеріне арналған кітабын оқуы тиіс деген қаулы шығарды. Осындай әрекет арқылы ата-аналар өз балаларын жақсырақ түсініп, олардың тәлімді тәрбие мен білім алуларына ықпалын тигізе алады деп санайды сот өкілі.

Айта кетейік, Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада»(«Маленький принц» - «Le Petit Prince») кітабы алғаш рет 1946 жылы Нью-Йоркте басылып шығып, бүгінгі күнге дейін 265 тілге аударылған, сатылым мөлшері 145 миллион данаға жеткен. Оның қазақ тіліндегі нұсқасы - «Кішкентай Шахзада» белгілі жазушы Тәкен Әлімқұловтың аударуымен 1967 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген еді.