Азиада-2011-дің Қазақстанда өтуі, елдің сатылап дамып келе жатқандығының жарқын көрінісі - Сауд Арабстанының Жастар істері жөніндегі агенттігінің төрағасы

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат - Қазақстан елшісі Қайрат Лама Шариф сәуірдің 15-інде Эр-Риядта Сауд Арабстанының Жастар істері жөніндегі агенттігінің төрағасы бекзада Сұлтан бен Фахд бен Әбдел Әзіз әл-Саудпен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында тараптар жастар саясаты мен спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Елші Қ.Лама Шариф 2011 жылы Қазақстанда VII қысқы Азиялық ойындардың өтетінін хабарлай келе, Сауд Арабстанының біздің елімізде олимпиадалық стандарттарға сәйкес үлкен спорт кешендерін салуға атсалыса алатынын жеткізді. «Қазақстан мен Сауд Арабстаны спорт саласындағы қарым-қатынастарын өзара тиімділік үшін дамытып, жастар саясаты саласында тәжірибе алмаса алар еді»,- деп атап көрсетті қазақ дипломаты. Бекзада Сұлтан өз кезегінде Қазақстанда осындай үлкен шараның өткізілуі, елдің Орталық Азия өңіріндегі түрлі салалардағы көшбасшылық ұстанымын паш ете келе, оның үдемелі дамуының кешенділігі мен әмбебаптығын негіздей түсетінін атап көрсетті. Бекзада сауд тарапының спорт және жастар саясаты саласында Қазақстанмен ынтымақтастыққа дайын екенін айтып өтті. Сұлтан бен Фахд сондай-ақ 2005 жылдың сәуір айында Сауд Арабстанында өткен Ислам ынтымақтастығының бірінші ойынына қазақстандық спортшылардың қатысқанын еске алды. Сол жолы біздің спортшылар 13 алтын, 8 күміс, 6 қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есеп бойынша Сауд Арабстаны мен Мысыр елдерінен кейін үшінші орын алған болатын. Тараптар ағымдағы жылы Сауд Арабстанының Жастар істері жөніндегі агенттігінің төрағасы бекзада Сұлтан бен Фахд бен Әбдел Әзіз әл-Саудтың Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға және жастар саясаты саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға келісті.