Азиада-2011 ойындарының тағы бір былығы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда 2011 жылы өткен 7-ші қысқы Азия ойындарының «Ұйымдастыру комитетінің Атқарушы дирекциясы» АҚ-ның Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің Телерадиотарату және медиатехнология басқармасының бұрынғы басшысы Айдар Мусинге қатысты қылмыстық іс жаңа фактілермен толықты, деп хабарлайды Қаржы полициясының баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оның үстінен Қылмыстық Кодекстің «Заңсыз табылған қаржыны немесе өзге де мүлікті жекешелендіру» бабы бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ол 2009-2011 жылдары аралығында БМВ 750 және Мерседес Бенц Е-250 көліктерін сатып алып, өзіне жекешелендіріп алған.

Еске сала кетейік, бұның алдында ол 2009 жылдың тамыз айында «Q-Service» ЖШС құрып, оны туыстарының атынан тіркеп, мердігер ұйым ретінде 2009 жылдың 9 қыркүйегінен 2012 жылдың 9 қазанына дейін 1,4 млрд теңге көлемінде қаржы алды деген күдікпен ұсталған болатын. Сонымен қатар осы қаржының шамамен 600 млн. теңгесі Мусиннің нұсқауымен жалған кәсіпорындар арқылы жымқырылған.