САППОРО. ҚазАқпарат - Бүгін Жапонияда өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарында хоккейден Қазақстан құрамасы Қытай командасын 8:0 есебімен ойсырата ұтты, деп хабарлайды Саппородан ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші және екінші кезеңде жерлестеріміз қарсыластарының қақпасына үш-үштен жауапсыз алты шайба соқса, соңғы шешуші кезеңде тағы екі шайбаны тоғытты.
Еске салайық, жерлестеріміз Саппоро қаласында өтіп жатқан Азиада додасында осымен екінші ойында жеңіске жетті. Бұған дейін қазақстандық хоккейшілер оңтүстіккореялықтарды 4:0 есебімен ұтқан болатын. Енді жерлестеріміз 26 ақпанда күншығыс елінің спортшыларымен бәсекеге түсетін болады.
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.