САППОРО. ҚазАқпарат - Бүгін Хоккейден Қазақстан құрамасы Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында Оңтүстік Корея құрамасын ойсырата ұтты, деп хабарлайды Саппородан ҚазАқпарат тілшісі.
Турнирдің бірінші матчында Сергей Старыгин шәкірттері Оңтүстік Корея құрамасымен кездесіп, 4:0 (0:0, 2:0, 2:0) есебімен жеңіске жетті.
Матчтың бірінші бөлігінде есеп ашылмады. Кездесудегі есеп 34-минутта ашылды. Шайба авторы - Максим Волков. Ол сан басымдығын пайдаланып, қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Араға екі минут салып Никита Михайлис есепті ұлғайтты.
Үшінші кезеңде де Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея құрамасының қақпасына екі шайба соқты. 47 минутта Нұрсұлтан Белгібаев көзге түссе, жеті минуттан кейін Констатин Савенков матчты түйіндеді. Енді жерлестеріміз келесі кездесуін 24 ақпан күні Қытай құрамасы қарсы өткізеді.
Бүгін спортшыларымыз Азиадада спорттың бес түрінен, атап айтар болсақ, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек және шайбалы хоккейден өнер көрсетіп жатыр.
Айта кетейік, бұл VIII қысқы Азия ойындарында Қазақстан қоржынында жеті жүлде бар. Оның біреуі алтын, екеуі күміс, төртеуі қола медаль.
фото:Данияр Майлыбаев, Ізтұрған Алдауев
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.