Азиада-2017: Кешегі чемпионымыз бүгін де жеңіс тұғырынан көрінді
08:04, 24 Ақпан 2017
САППОРО. ҚазАқпарат - Бүгін Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарында кеше биатлоннан алтын алқа тағынған отандасымыз Ян Савицкий күміс жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Саппородағы ҚазАқпарат тілшісі.
Ол бүгін 12,5 шақырым қашықтықта із қуып жарысу бағдарламасында мәре сызығын жапондық спортшыдан кейін екінші болып кесті. Ал үздік үштікке Оңтүстік Корея спортшысы ие болды.
Бұл бәсекеде Ян Савицкийден бөлек Василий Подкорытов, Максим Браун, Антон Пантов өнер көрсеткен болатын. Алайда, олар үздік нәтиже көрсете алған жоқ.
Енді қазір биатлоннан із қуу жарысынан 10 шақырым қашықтықта қыздарымыз Галина Вишневская, Алина Райкова, Дарья Усанова, Анна Кистанова жарыс алаңына шығады.
фото:Ізтұрған Алдауев