Азиада-2018: Иван Иванов қола жүлдені жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында ядро лақтыру сайысы бойынша Иван Иванов қола жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК баспасөз қызметі мәлім еткендей, бүгін Жакартада жеңіл атлеттер додасы басталды.

Қазақстандық атлеттер арасынан бірінші болып Иван Иванов қола жүлдеге қол жеткізді.

Иван Иванов ядро лақтыру сайысында сынға түскен болатын. Біздің спортшымыз 19 метр 40 сантиметр нәтижесімен үздік үштікке енді.

Ядро лақтырудан Азиаданың алтын жүлдесін үндістандық Сингх Тажиндерпал (20.45), күміс жүлдені қытайлық Янг Лю (19.52) иеленді.

Айта кетейік, Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. 18 тамыз күні алауы тұтанған "Сарықұрлық" додасы 2 қыркүйек күні өз мәресіне жетеді.