ҚР Жеңіл атлетика федерациясы мәлім еткендей команда құрамында Светлана Голендова, Дмитрий Коблов, Элина Михина мен Михаил Литвин жүгірді. Мұндай аралас эстфета Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр.
Финалда жалпы саны 8 команда қатысты. Қазақстаннан бөлек, Қытай, Индонезия, Бахрейн, Вьетнам, Таиланд, Жапония, Үндістан болды.
Қазақстаннан алдымен Светлана Голендова жүгірді. Ол бірден эстафетаны Дмитрий Кобловқа ұстатты. Сосын Элина Михина мен Михаил Литвин жалғастырды. Солтүстік Қазақстан облысының атлеті мәреге - 3:19.52 минутта жетті. Сөйтіп, Қазақстан үшінші орын алды.
Бірінші орынды басты фаворит Бахрейн ешкімге берген жоқ - 3:11.89. Олардың құрамында Сальва Насер мен Кеми Адекойя секілді осы Азия ойындарында жекелей сында топ жарған спортшы болды. Екінші орынға Үндістан тұрақтады - 3:15.71.
Осылайша, жеңіл атлетикадан Қазақстан үшінші қолаға қол жеткізді. Мұның алдында ядро серпуші Иван Иванов пен 400 метрге жүгірген Элина Михина да қола жүлде жеңіп алған. Одан бөлек, 800 метрге жүгіруші Маргарита Мұқашеваның еншісінде бір күміс медаль бар.
Сондай-ақ, биіктікке секіруден Қазақстан командасының мүшесі Надежда Дубовицкая Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ол Қазақстан қоржынындағы 34 қола медаль болды.