ҚР Дзюдо федерациясы баспасөз қызметінің қабарлауынша бүгін татамиге 4 салмақ бойынша балуандар белдеседі. Ерлер: -60 кг, -66 кг; әйелдер: -48 кг, -52 кг.
Елдос Сметовтың (-60 кг) алғашқы қарсыласы индонезиялық Мохаммед Лювис. Оны жеңсе отандасымыз Отар Бестаев (Қырғызстан)\Йонг Джае Ан (Солтүстік Корея) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал Елдос Жұмақанов (-66 кг) болса, жарысқа екінші айналымнан қосылады. Оның қарсыласы Эркембайар Баттогтох (Моңғолия)/Сурасак Пунтанман (Тайланд) арасындағы кездесуде анықталады.
Қыздар арасынан Отгонцэцэг Галбадрах (-48 кг) та жарысқа екінші айналымда қосылады. Ал Кәмшат Қарасайқызы (-52 кг) болса, Солтүстік Кореялық Сонг Син Риммен күреседі.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Жакартада өтіп жатқан Азия ойындарында дзюдо бойынша сайыстар Астана уақытымен сағат таңғы 8:00-де басталады.