Азиада-2018: Садақ атудан Қазақстан әйелдер құрамасы ширек финалда сүрінді

АСТАНА. қазАқпарат - Бүгін Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында садақ атудан Қазақстан әйелдер құрамасы ширек финалда қытайлықтарға жол берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Азия ойындарында садақ атудан командалық жарыстар өтіп жатыр. Қазақстанның әйелдер командасы 1/8 финалда малайзиялық мергендерді 6:2 есебімен қапы қалдырып, ширек финалға шыққан болатын.

Өкінішке қарай, олар кезекті кездесуді қытайлықтарға қарсы өткізіп, қарсыластарына 2:6 есебімен есе жіберді.

Айта кетейік, Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. 18-ші тамыз күні алауы тұтанған «Сары құрлық» додасы 2-ші қыркүйек күні өз мәресіне жетеді.