Азиада-2018: Суға жүзуден үш қазақстандық финалға өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында суда жүзуден кезекті жарыс күні басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК-нің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бүгін Жакартада суда жүзуден Қазақстан сапынан үш спортшы финалдық кезеңге өтті.

Баттерфляй әдісімен 50 метрге жүзуден Әділбек Мусин - финалда. Өз тобында бірінші орын иеленген Мусин жалпы іріктеу кезеңін 3-ші орынмен аяқтады.

Сондай-ақ, 50 метрге брасс әдісімен жүзуде Аделаида Пчелинцева 8-ші орынмен ақтық бәсекеге жолдама алды.

100 метрге еркін әдіспен жүзген Әділ Қасқабай да 8-ші нәтиже көрсетіп, финалда жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды.

Суға жүзуден ақтық сайыстар бүгін сағат 17:00-де басталады.