Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық боксшы Карина Ибрагимова финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері К.Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда тәжікстандық Мижгона Самадовамен жұдырықтасты.
Тартысты өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы қарсыласын 3:2 есебімен ұтты.
Осылайша, бұған дейін олимпиада жолдамасына қол жеткізген Карина Ибрагимова енді Азиада алтыны үшін әлем чемпионатының екі мәрте чемпионы, тайбэйлік Ю Тин Лимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қамшыбек Қоңқабаевтың Азия ойындарының финалына шығып, олимпиада жолдамасына ие болғанын жазған едік.
Сондай-ақ Мейіржан Шермаханбет грек-рим күресінен финалға жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).