Азиада-2026: Қазақстан құрамасы жетінші жарыс күнінде бес қола медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — 26 қыркүйекте Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жетінші жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бес қола медаль жеңіп алды.

Фото: Сали Сабиров / ҰОК

Қазақстан қоржынына ескек есуден бірден үш жүлде түсті. Стелла Суханова бірлік-байдаркамен 500 метр қашықтыққа жарыстың финалында үшінші орын алды. Қазақстандық спортшы қашықтықты 1 минут 59,688 секундта бағындырды. Бұл – Суханованың осы Азиададағы екінші қола медалі. Бұған дейін ол төрттіктің құрамында үшінші орын алған болатын.

Ерлер арасында дәл осы қашықтықтағы финалда Дмитрий Холмогоров қола жүлдегер атанды. Қазақстандық ескекші 1 минут 44,453 секунд уақыт нәтижесін көрсетіп, Өзбекстан өкілі Шахриёр Махкамов пен Оңтүстік Корея спортшысы Джан Сан Воннан артта қалды.

Ескек есуден тағы бір қоланы Сергей Емельянов пен Руфина Искакова жеңіп алды. Олар аралас екілік-каноэмен 500 метрге жарыстың финалында 1:51.124 уақыт нәтижесін көрсетіп, үшінші орынға ие болды. Алтын медаль Қытайға, күміс жүлде Өзбекстанға бұйырды.

Нысана көздеуден Қазақстан әйелдер құрамасы 50 метр қашықтықтан мылтықпен үш қалыпта ату бойынша командалық есепте үшінші орын алды. Арина Малиновская, София Шульженко және Елизавета Безрукова жалпы 1754 ұпай жинады. Алтын медальді Қытай, күмісті Үндістан құрамасы иеленді. Сонымен қатар Малиновская жекелей сайыстың финалына жолдама алып, алтыншы орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасының қоржынына бесінші медальді сабля бәсекесінде өнер көрсеткен ерлер командасы салды. Назарбай Саттархан, Артём Саркисян, Қуаныш Ерғашбай және Нұрмұхаммед Жайлыбай ширек финалда Қытай құрамасын 45:40 есебімен жеңді. Жартылай финалда қазақстандықтар Жапонияға 34:45 есебімен жол беріп, қола жүлдегер атанды. Артём Саркисян үшін бұл – осы Азиададағы екінші жүлде. Ол бұған дейін жекелей сайыста қола медаль жеңіп алған еді.

Ольга Шмелева мен Артём Терещенко жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Аралас екілік-байдаркамен 500 метрге жарыстың финалында қазақстандықтар 1:41.272 уақыт нәтижесін көрсетіп, төртінші орын алды.

Бокстан Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай жарысты сәтті бастады. 55 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда Сабырхан ирандық Мехди Каземиді жеңіп, ширек финалға өтті. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді.

Нұрбек Оралбай 90 келіге дейінгі салмақта Ауғанстан өкілі Силаб Нуримен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ол да жарысты ширек финалда жалғастырады.

Виктория Графеева жарыстағы өнерін аяқтады. 60 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында ол Қытайлық Тайбэй өкілі, Олимпиада чемпионы Линь Юйтинге төрешілердің шешімімен 2:3 есебімен жол берді.

Шадрак Коеч ерлер арасындағы марафонда үздік ондыққа енді. Қазақстандық жеңіл атлет 2 сағат 14 минут 07 секунд нәтиже көрсетіп, мәреге жетінші болып жетті.

Ауыр атлетикадан Бексұлтан Айтбай 75 келіге дейінгі салмақта жетінші орын алды. Қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде 135 келіні, серпе көтеруде 177 келіні бағындырды. Екі сайыс нәтижесі бойынша 312 келіні еңсерді.

Жеті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 35 медаль бар: 8 алтын, 8 күміс және 19 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.

Айта кетелік қазақстандық спортшылардың 27 қыркүйектегі жарыс кестесі жарияланған еді.