Азиада-2026: Қазақстанның басты бәсекелестері кім

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін нәтижелі аяқталды.

Фото: Видеодан скрин

— Каратэ, велоспорттан алға шығып жатырмыз. ММА, аралас жекпе-жектен де үміт бар. Бокс, дзюдодан медаль күтеміз. Әсіресе, ағайынды Оралбайлардан нәтиже күтіп отырмыз. Семсерлесуден де жетістік күтіледі, — деді «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Азамат Имашев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Алдағы жарыстарда Қазақстан үшін негізгі сындардың бірі жекпе-жек спорттарында өтпек. Сарапшының пікірінше, бұл бәсекеде Корея мен Жапония құрамалары негізгі қарсыластардың қатарында.

— Қазір Қазақстанға Корея, Жапония нақты бәсекелес. Жалпы, сайысқа қатысатын 558 спортшы асқан дайындықпен, бабында келген, — деді спикер.

Сонымен қатар ел құрамасының дайындығы жоғары деңгейде бағаланып отыр. Жарыс өтіп жатқан Жапониядағы құбылмалы ауа райына қарамастан, спортшылардың өнер көрсетуіне айтарлықтай кедергі жоқ.

— Біздің спортшылардың дайындығы да жоғары дәрежеде. 4 алтын психологиялық мотивация беріп жатыр. Дәрігер, психолог, нутрицологтер қатысушыларға дем беруде, — деді спикер.

Еске салайық, бүгін қазақстандық теннисшілер Мальдивті 3:1 есебімен ұтқаны белгілі болды.