Әуежайда ұшақ баспалдағында Алау қорғаушылары мен Эстафета дирекциясының өкілдерін Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев күтіп алды.
Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз мәслихатында журналистерге хабарлағандай, алау алып өтілген барлық қалаларда рекордтар тіркеліп отыр.
«Облыстардың басшыларының айтуынша, біз болған өңірлерде Алау эстафетасына халық мол жиналған, мұншалықты адам бұған дейін бірде-бір бұқаралық шараға қатыспаған. Біз үшін бұл маңызды. Бұл, қазақстандықтардың Азиада ойындарына деген ерекше ықыласын көрсетіп отыр. Бұл, мыңдаған, тіпті миллиондаған адам спортпен айналыса бастайды немесе салауатты өмір салтына ден қояды деген сөз», - деді С.Құранбек өз сөзінде.
Баспасөз мәслихатынан кейін Алау сақталған колба Халық банкінің филиалына жеткізілді, ол онда дүйсенбіге дейін сақталады.
Ал бүгін сағат 12.00-де драмалық театрдың алдындағы алаңда осы Алаудан шырақ жағылып, 60 алаугер оны қала көшелерімен алып өтеді. Алаугерлердің қатарына облыстың үздік спортшылары, еңбек сіңірген жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, зиялы қауым өкілдері кіріп отыр.