Қарағандының «Сарыарқа» әуежайында жүздеген қала тұрғындарының қатысуымен Азиада алауын күтіп алу салтанаты өтті.
Облыс басшылығының атынан сөз сөйлеген аймақ әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев: «Азия ойындары ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен қатар келіп отырғаны қуанарлық жайт. Мұндай деңгейдегі шараның өткізілуі Қазақстанның абыройын асқақта түсетіндігіне сенімдіміз», - деп атап көрсетті.
«Алау эстафетасы аяқталуға жақын. 7-Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінің атынан кеншілер қаласына Алау эстафетасының келуімен құттықтаймын», - деді осынау шараны өткізу жөніндегі дирекцияның басшысы Наиль Нуров өз сөзінде.
Алау әуежайдан тікелей «Қазақстан Халық банкінің» облыстық филиалына сақтауға жеткізілді.
Қарағанды облысында Алау эстафетасы екі қалада - Қарағанды мен Теміртауда өтеді. Эстафета бүгін Тәуелсіздік стеласынан басталады. «Бағыттың жалпы қашықтығы 12 шақырым, оның 9 шақырымы - Қарағанды, 3 шақырымы Теміртау арқылы өтеді. Үш кезеңге бөлінген эстафетаға 60 алаугер қатысады. Символикалық шырақ Н.Әбдіровтың ескерткішінің жанында жағылады», - деп хабарлады ұймдастыру комитетінен.
Бірінші болып алауды Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов алып жүреді. Одан кейін эстафетаны қарағандылық боксшы Серік Сәпиев қабылдап алады. Алаугерлердің қатарында танымал спортшылар, саясат және қоғам қайраткерлері бар.