Азиада алауын 30 мыңнан астам ақтөбелік қарсы алды
Ауа райының қолайсыздығына және жауған қарға қарамастан, қала тұрғындары осынау шараға белсенді атсалысты - Азиада алауын 30 мыңнан астам ақтөбелік қарсы алды.
Эстафета облыстық әкімдіктің алдындағы алаңда басталды, сол жерде аймақтық эстафетаның ашылу салтанаты өтті. Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов өз сөзінде, Елбасының жоғары беделінің арқасында Қазақстанда алғаш рет Азиада ойындары өткелі отырғанын атап көрсетті.
«Аймақтық эстафетаның облысымыз үшін маңызы зор, бұл спорт шеберлерінің шеруі, үздік азаматтарымызға құрмет көрсету»,- деп түйіндеді өз сөзін әкім.
Дәстүр бойынша, Азиада алауын бірінші болып облыс әкімі алып өтті, одан кейін шырақ Ақтөбенің тумасы, Ресей Батыры, ғарышкер Юрий Лончаковқа табыс етілді.
12 шақырымға созылған эстафетада қала мен облыстың танымал азаматтары, қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, спортшылар мен спорт ардагерлері жүріп өтті.
Азиада алауы Ақтөбеден кейін Қостанайға жеткізілді.