Азиада алауына 1,3 миллард теңге жаратылады

АСТАНА. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат - Өткен аптада Алматы қаласы әкімдігінде өткен кеңесте 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары дирекциясының директоры Сұлтан Шоқпытов олипиадалық алау эстафетасы Алматыдан бастау алатынын мәлім етті.

Бұл ақпаратты «Біздің спорт» сайты таратып отыр.

Аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта эстафета өткізудің екі тұжырымдамасы әзірлену үстінде, алғашы сценарийге сәйкес - 1,3 миллард, ал екіншісі бойынша 500 миллион теңге қаражат шығындалмақ.

Бірінші сценарий екіншісіне қарағанда біршама ұзақ. Осы нұсқа бойынша алау Азия Олипиадасы кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында 2010 жылғы желтоқсанның 31-інен 2011 жылғы қаңтардың 1-іне қараған түні жағылады. Қаңтардың 2-інде 6-шы Қысқы Азия ойындарының астанасы Чангчун қаласына жеткізіледі. Ал келесі күні чартерлік рейспен Алматыға әкелінеді де қала бойынша эстафета өтеді және сол күні алау елдегі саяхатын бастайды. Оның бағдары Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары арқылы өтіп, қаңтардың 30-ында Астанаға келеді.

Ал екінші үнемді нұсқаға сәйкес, алау қаңтардың 25-інде Әл-Куәйтте жағылып, Алматыға ұшақпен жеткізіледі. Одан ары автомобиль трассасымен Қарағанды арқылы елордаға әкелінеді.

Дегенмен аталған дирекция басшысының айтуынша, басымдық алғашқы қымбат сценарийге берілмек. «Біз мемлекет имиджіне үнем жасамаймыз», дейді ол.