Азиада алауының эстафетасы бұқаралық спортты дамытуға серпін береді - Шымкент

None
ШЫМКЕНТ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Бүгін, 14 қаңтар күні Шымкент қаласы жетінші қысқы Азиялық ойындардың Алау эстафетасын өткізді. 60 алаугер Азиада алауын қала көшелерімен алып өтті.

«Олар - облысымыздың спорты мен экономикасына айтулы үлестерін қосып отырған спортшылар, жаттықтырушылар, өндіріс екпінділері, зиялы қауым өкілдері»,- деп атап көрсетті Шымкентте Алау эстафетасын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Әли Бектаев.

Құрметті алаугерлердің қатарында Сиднейдегі Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері, боксшы Мұхтархан Ділдәбеков, Азияның екі дүркін абсолюттік чемпионы, Азиялық ойындардың чемпионы, Қазақстанның он дүркін чемпионы, гимнастшы Әлия Жүсіпова, грек-рим күресінен Әлем кубогының төрт дүркін иегері Бесолт Дециев, самбодан әлемнің екі дүркін чемпионы Леонид Приказчиков, т.б. бар.

Эстафетаны ұйымдастырушылар, бұл шара мен Азиялық ойындардың өзі қазақстандықтардың спортпен шұғылдануына үлес қосатын болады деп санайды.

Эстафета Ордабасы алаңында сөреге жетіп, Тайқазан түрінде жасалған үлкен алау тұтандырылды. Одан кейін Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке ескерткіш сыйлық ретінде Азиялық ойындардың шырағын табыс етті. Ертең Алау эстафетасын Қызылорда қаласы қабылдайды.