АЗИАДА: Астанада шайбалы хоккейден ерлер арасындағы жарыстар жалғасуда

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанадағы «Барыс» спорт кешенінде 7-қысқы Азия ойындары аясында шайбалы хоккейден ерлер командалары арасындағы жарыстар жалғасуда.

Бүгін Біріккен Араб Әмірліктері мемлекетінің құрама командасы Бахрейнмен, Моңғолия - Қырғызстанмен кездеседі. Тайланд пен Куәйт командалары өзара сынға түспек.

Премьер-дивизион санатындағы аталған үш ойынның ішінде Моңғолия мен Қырғызстанның кездесуі қызықты өтеді деген болжам бар. Себебі аталған екі команда бұған дейінгі кездесулерін жеңіспен аяқтады. Қырғызстан Тайланд пен БАӘ-ның хоккейшілерін айқын басымдықпен жеңсе, Моңғолия құрамасы Куәйт командасын ұтқан болатын.