Азиада: Допты хоккейден Қазақстан құрамасы Қырғызстаннан 21:0 есебімен басым түсті

АЛМАТЫ. 3 ақпан. ҚазАқпарат. /Ербол Азанбек/- 7-қысқы Азия ойындары аясында, бүгін Алматыдағы "Медеу" мұз айдынында допты хоккейден Қазақстан мен Қырғызстан құрамаларының арасындағы кездесу өтті. Матчта 21 :0 есебімен жерлестеріміз ірі жеңіске қол жеткізді.

Айта кетерлігі, бұл ойын тұман мен қардың салдарынан аса қолайсыз жағдайда өткізілді. Ойын басталар алдында кездесуді кейінге шегеру мәселесі де талқыланған болатын. Алайда ойындарға төрелік айтушы Халықаралық бенди федерациясының (FIB) техникалық делегаты Валерий Мозгов қар мен тұманға қарамастан кездесуді уақытында бастау туралы шешім шығарды. Ол сондай-ақ мамандарға қолайлы болуы үшін матчты 30 минуттан 3 кезеңге бөліп өткізу жөнінде шешім қабылдады.

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан кездесу сәтті өтті. Қазақстандық Рауан Исалиев ойынның бірінші минутында-ақ қарсыластар қақпасына доп соқты. матчқа келетін болсақ, бірінші кезең 9:0, екінші кезең 10:0, үшінші кезең 2:0 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Ойындар ертең де жалғасады. Онда Қазақстан құрамасы Моңғолия бендишілерімен кездеседі. Естеріңізге сала кетейік, кеше Моңғол құрамасы Қырғызстан бендишілерін 17:2 есебімен ойсырата ұтқан болатын.