Азиада еліміздегі спорттық журналистиканы жаңа деңгейге көтереді - профессор Сәуле Барлыбаева

АЛМАТЫ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Азиада үлкен спорттық дода ғана емес, сонымен бірге еліміздің барлық спорт журналистері үшін, оның ішінде редакторлар,

телеоператорлар, режиссерлар үшін үлкен сынақ. Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің теле және радиожурналистика кафедрасының профессоры, университеттің телерадиокешенінің жетекшісі Сәуле Барлыбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.

С.Барлыбаева - көркем гимнастика бойынша халықаралық санаттағы спорт шебері. Үлкен спортты аяқтағаннан және журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін Қазақ теледидарында журналист, әскери-спорт редакциясында комментатор болып жұмыс істеген.

Профессордың айтуынша, біздің елімізде мұндай үлкен және жауапты жарыс алғаш рет өткелі отыр, сондықтан да бұл шараның Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін көтере түсетіні анық. Азиада - Олимпиада жолындағы бірінші қадам. Оған қоса, бұл - отандық спорт журналистеріміздің деңгейі мен шеберліктерін сынайтын зор мүмкіндік, үлкен сынақ.

«Әрине, жанкүйерлердің басым бөлігі жарыстарды көгілдір экраннан тамашалайтын болады, сондықтан да біздің операторларымыз бен режиссерлерімізді үлкен сын күтіп тұр. Жарыстар тікелей эфирден көрсетілген кезде, жұмыстың көбісі операторлар мен комментаторларға байланысты. Камералардың қойылуы, жарықтың түсірілуі, дыбыстың қойылуы, бәрі-бәрі маңызды. Телекөрермендер жарыстарды операторлар мен режиссерлердің көздерімен көретін болады, сондықтан да олардан спорттық репортаждарды жүргізудің жоғары мәдениеті талап етіледі»,- деп санайды С.Барлыбаева ханым.

Оның пікірінше, Азиада қазақстандық телеарналар үшін жақсы мектеп болады және ұлттық спорт журналистикасының деңгейін көтереді.