Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің алқа мәжілісінде «Қазақавтожол» РМК-ның бас директоры Мереке Пішембаев мәлім етті.
«Бүгінде Астана және Алматы қалаларында өткізілетін қысқы Азия ойындары қарсаңында автожолдарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бұйрығымен арнайы Іс-шаралар жоспары бекітілді»,-деді бас директор.
Оның сөзіне қарағанда, Алматы облысында аталған спорттық шара кезінде қамтылатын жол телімдеріне тиісті көлемде арнайы техника жұмылдырылмақ. «Сондай-ақ «Астана-Алматы» және «Астана қаласы айналма жолы» автожолдары ерекше бақылауға алынды. Осы орайда Азиада кезінде қызмет көрсететін республикалық маңызы бар автожолдарда жол техникасын орналастыру кестесі әзірленді»,-деді М. Пішембаев.
Аталған мекеме басшысының айтуынша, Азиада кезінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарындағы филиалдардан қосымша техника тарту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жолдың проблемалық учаскелерінде төселетін көктайғаққа қарсы арнайы материалдар да қажетті көлемде дайындалды.
Айта кетейік, бұл кәсіпорын еліміздегі 23,5 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдарда қызмет көрсетеді. «Қазақавтожол» РМК-ның құрамында облыстық 14 филиал және «Қазақавтожол-Көкшетау» еншілес мемлекеттік кәсіпорны бар. Автокөлік жолдарында қызмет көрсету бағытында осы кәсіпорында 3,5 мың адам жұмыс істейді. Жылдың қыс мерзімінде мекеме қызметкерлері жолды қардан тазалау жұмысымен айналысады.