Азиада күндері Астанаға келетін он екі мыңнан астам мейман 34 қонақүйге орналастырылады

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Азиада күндері жанкүйерлерді қоса есептегенде Астана қаласына шет елдерден 12 мыңнан астам қонақ келеді.

Меймандарды қаладағы 34 қонақүйге орналастыру жоспарлануда.

Астана қаласының Туризм және спорт басқармасынан мәлім еткендей, 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпан аралығында өтетін 7-Қысқы Азия ойындарына барлығы 2239 адам келеді деп күтілуде. Оның ішінде 836 - спортшылар, жаттықтырушылар, спорт төрешілері, дәрігерлер мен тағы басқалар, 403 - ресми тұлғалар мен құрметті қонақтар, 1000 - шетелдік және отандық БАҚ өкілдері. Онымен бірге, әр түрлі елдерден 10 мыңнан астам жанкүйердің сапары жоспарлануда.

«Барлық спортшылар және оларға қызмет көрсетушілер «төрт жұлдызды» «Кинг Отель» қонақүйінде орналастырылады. Шетелдік төрешілер - «Дипломат», Азия Олипмпиадалық кеңесінің басшылығы, ресми тұлғалар және құрметті қонақтар - «Рэдиссон», «Риксос» және «Пекин палас» «бес жұлдызды» мейманханаларға қоныстандырылады. Сондай-ақ «Рамада Плаза» және «Гранд парк Есіл» қонақүйлерінің қызметтері пайдаланылады», - деп атап өтті Басқармадан.

Шетелдік журналистердің басым бөлігі тоқтайтын «Думан» қонақүйінде Баспасөз орталығын орналастыру жоспарлануда.

Бүгінгі күні әкімдік қаладағы барлық қонақүйді паспорттандырудан өткізді. Жанкүйерлерді орналастыруға болатын қосымша мейманханалар анықталды. Сондай-ақ спорттық нысандарда спортшылар мен көрермендерді тамақтандыру мәселесі пысықталды. Спортшылармен, көрермендермен және қонақтармен жұмыс істеу үшін 1000 ерікті тартылды. Ойындар өткізілетін жерлерге қоғамдық көліктермен бірге арнайы көлік құралдары қатынайтын болады. Толық ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.