Азиада құрметіне ұлының атын Алаубек қойды - БҚО

ОРАЛ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстан қалаларын аралап жүрген Азиада алауы 17 қаңтар күні Оралға жеткізілген болатын. Дәл сол күні Қаратөбе ауданының тұрғыны Айбарша Орынбасарованы толғақ қысқан.

Алғашқы барғанда толғағы жеңіл болып, облыс орталығындағы перзентхана дәрігерлері қайтарып жібереді. Сол күні кешкісін екінші қайтара перзентхана есігін ашқанда, ананы ақ желеңді жандар қабылдап, дәрігерлік көмек көрсетеді.

Сәбиге жарық дүние сыйламақ болып қиналған Айбарша Орынбасарова 18 қаңтарға қараған түні сағат тілі түнгі үшті соққанда өмірге шекесі торсықтай ұл әкелді. 18 қаңтар күні Азиада алауын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастап қала көшелерімен алып өткені белгілі.

Азиада алауымен жарысып, өмір есігін ашқан «атқамінерге» Жеңіс Орынбасаровтың (баланың әкесі) құрдастары «Алаубек» деп ат қояды. Қуаныштан төбесі көкке жеткен Жеңістің айтуынша, Азиада құрметіне орай және «Бек» деген жалғау қазақта сұлтан, басшы деген мағынаны білдіргендіктен, ұлына Алаубек деген ат берілді.

Алаубек - Жеңіс пен Айбаршаның бір ұл, үш қыздан кейінгі бесінші баласы.