АЗИАДА: Қырғызстандық хоккейшілер екінші рет жеңіске жетті

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Осыдан бірер минут бұрын Астанадағы «Барыс» спорт кешенінде 7-қысқы Азия ойындары аясында басталған шайбалы хоккейден ерлер арасындағы жарыстардың төртінші кездесуі аяқталды.

Премьер-дивизион санатында Қырғызстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің құрама командалары кездесті. Ойынның нәтижесі бойынша қырғызстандық хоккейшілер қарсыластарын 13:0 есебімен жеңді. Бұл - Қырғызстан құрамасының екінші жеңісі. Кеше, қаңтардың 28-і күні олар Тайланд хоккейшілерімен күш сынасып, осы елдің құрамасын 15:4 есебімен ойсырата ұтқан.

Бүгін кешке қарай Бахрейн-Тайланд және Куәйт-Малайзия ойындары өтпек. Естеріңізге сала кетейік, кешегі кездесулерде Малайзияның құрамасы Бахрейнді 25:0 есебімен күйрете жеңсе, Куәйттің хоккейшілері Моңғолиядан 2:3 есебімен ұтылған болатын.