Азиада мәнерлеп сырғанау спортын дамытуға күшті серпін береді - жаттықтырушы Айгүл Қуанышева
Мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Айгүл Қуанышева бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
Алдағы жарыстарда Айгүл Қуанышева мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Юрий Гуськов халықаралық төрешілер алқасының құрамында жұмыс істейтін болады. Баршаға аян, А.Қуанышева - қазақстандық танымал спортшы Денис Теннің алғашқы жаттықтырушысы. Бес жасар Денисті мұз айдынына алып шыққан осы кісі.
«Өзімізде тәрбиеленген мәнерлеп сырғанаушылардың өнерін мыңдаған қазақстандықтар Азиада нысандарына келіп - өз көздерімен, ал миллиондағаны - теледидар арқылы көргеннен кейін, бұл спортқа деген қызығушылық пайда болады. Мәнерлеп сырғанаудың қысқы спорттың ең тартымды түрінің бірі екенін және оның әлем бойынша жанкүйерлері көп екенін ескерсек, оны Қазақстанда кеңінен дамыту керек», - деп санайды жаттықтырушы.