АЗИАДА: Могулшы Дмитрий Бармашов Қазақстан қоржынына Ақ Азиаданың 15-алтын жүлдесін салды

АЛМАТЫ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы "Табаған" спорттық-сауықтыру кешенінде өткен ерлер арасындағы параллельді могул жаттығуында жерлесіміз Дмитрий Бармашов жеңімпаз атанып, Қазақстан қоржынына Ақ Азиаданың 15-алтын жүлдесін салды.

Дмитрий Бармашов финалда жапондық спортшы Уено Осамуды (Ueno Osamu) 20:15 есебімен жеңді. Қола жүлде тағы бір жапондық спортшы Цукито Югоға (Tsukito Yugo) бұйырды. Ол үшінші орын үшін болған текетірес сайыста оңтүстіккореялық Чои Джае Воннан (Choi Jae-Woo) 18:17 есібемен басым түсті.

Айта кетейік, осы Чои Джае Вон ширек финалда жарыстың басты фавориты саналған қазақстандық Дмитрий Рейхардты 18:17 есебімен жеңіп, жолын кескен еді. Есесіне оңтүстіккореялық спортшыдан командаласының кеткен есесін жартылай финалда Бармашов қайтарды. Ол финалға шығар кезеңде Чои Джае Вонды 18:17 есебімен ұтты.