Алдағы жылы елімізде қысқы Азиаданы өткізуге республикалық және жергілікті бюджеттерден ауқымды ресурстар бөлінгеніне тоқталған К. Мәсімов: «Меніңше, осы елеулі шара қарсаңында салынған нысандар Қазақстанның спорттық ірі держава болуына мүмкіндік береді»,-деді. Осы орайда Үкімет басшысы Азиада өткеннен кейін салынған барлық нысандар республикалық немесе коммуналдық меншікте қалатынын жеткізді. «Атап айтқанда, жекешелендіруге ешқандай да нысанды шығармаймыз»,-деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы спорттық нысандардың басқарушылары ірі спорттық шараларды өткізу арқылы аталған нысандарды қажетті ресурстармен қамтамасыз етуі керектігін айтты. Бұл өз кезегінде туризмді дамытуға жанама әсер береді, сондай-ақ жалпы дамуға жаңа мүмкіндіктер жасайды. К. Мәсімов болашақта Қазақстан бірқатар нысандарды салу арқылы 10-15 жылда бұдан да ірі спорттық шараларды өткізе алатынын қадап айтты.