«Қазақстан - Азиада ойындарын өткізіп отырған төртінші ел және бұл кездейсоқ емес, бұл Елбасымыздың еңбегі»,- деп атап көрсетті Эстафета алдында сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев.
Облыс басшысының пікірінше, VII қысқы Азиада ойындары өтетін елді анықтау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделі, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштық, сондай-ақ әлемдік аренадаларда Қазақстанның абыройын қорғап жүрген қазақстандық спортшылардың жетістіктері айрықша роль атқарды.
«Қазақстанның барлық қалалары арқылы алып өтілетін Азиада Алауы біздің спортшыларымызды жаңа рекордтарға ынталандырады деген үміттеміз және біз оған сенеміз», - деді облыс әкімі Қ.Бозымбаев алауды қабылдап тұрып.
Жамбыл жерінде Алау эстафетасын бірінші болып бастаған әкім, алғашқы 200 метрді жүгіріп өтті. Тараз эстафетасына барлығы 60 алаугер - спортшылар, спорт ардагерлері, мәдениет қайраткерлері қатысуда.
Тараз көшелерімен жүріп өткен Алау эстафетасы «Достық» орталық алаңында аяқталды. Одан кейін қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен гала-концерт басталды.
Азиада алауы бүгін кешке Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдеріне табыс етіледі.