Азиада ойындары Астана мен Алматы қалаларында өтеді - Талғат Ермегияев

Фото: None
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Бұқаралық ақпарат құралдарында «Азиада ойындары тек Астанада өтеді» деген ақпараттар жарияланды. Шын мәнінде Азиаданың өту бағдарламасында өзгертулер жоқ емес бар, бірақ Астана да, Алматы да 2011 жылы өтетін жетінші қысқы Азиада ойындарына қатысады. Осы мәселеге Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев түсіндірме берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Жақында бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасалып, Азиада ойындарының тек Астанада өтетіндігі туралы ақпарат жарияланды. Аталмыш факті бойынша түсініктеме беретін болсам, қазіргі уақытта шын мәнінде спорттың белгілі бір түрлерін қысқарту туралы мәселе қарастырылуда. Бірақ Азияның Олимпиадалық кеңесімен келісілгеннен кейін бұл мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметі деңгейінде қаралатын болады. Сонымен бірге Туризм және спорт министрлігі Азиада ойындарын екі қалада да жоғары деңгейде өткізу үшін түрлі шаралар қабылдауда, себебі Азиада - имидждік жоба. Азиялық ойындарды лайықты өткізу - Алматы қаласына 2018 жылғы қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізетін қалалардың конкурсына қатысу үшін перспектива береді, себебі Азиада Халықаралық олимпиадалық комитеттің тікелей қамқорлығымен өтеді. Сондықтан да біз барлық нысандардың құрылысын мерзімінде аяқтауға бар күшімізді саламыз. Үкімет шешімінен кейін біз Азиадаға дайындық туралы толық мәліметтер береміз», - деді Т.Ермегияев.