14:47, 13 Сәуір 2009
Азиада ойындарына қатысты нысандардың құрылысын аяқтауға қаражат уақытында әрі толық бөлінеді ? Б. Жәмішев
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Азиада ойындарына қатысты нысандардың құрылысын аяқтауға қаражат толық әрі уақытында бөлінеді. Естеріңізге сала кетейік, VII қысқы Азия ойындары 2011 жылы қаңтардың 30-ы мен ақпанның 6-сы аралығында Астана мен Алматы қалаларында өтеді.
Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қаржы министрлігінің 2008 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2009 жылға арналған міндеттері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында депутаттардың сауалына жауап берген ведомство басшысы Болат Жәмішев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы Азиада ойындарына қажетті қаражаттар бар. Тіпті бұл шараға қосымша қаржы шығындары талап етілетін болса, оған Үкіметтің резервін де тартуға болады. Азиада ойындары 2011 жылы өтетін болғандықтан, келер жылы да бұл шараға байланысты республикалық бюджеттің шығыстық қаражаттары толық көрініс табады. Сондықтан да Мемлекет басшысының Азиадаға қосымша қаражат бөлу туралы тапсырмасын толық орындайтын боламыз. Яғни, Азиада басталғанға дейін нысандар құрылысын аяқтау үшін бюджет қаражаты уақтылы әлі толық бөлінетін болады», - деді Б. Жәмішев.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Н. Назарбаев 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында өткізілуі жоспарланған Азиада ойындарына қосымша қаражат бөлу туралы Үкіметке тапсырма жүктеген болатын.