Азиада ойындарының алтын жүлдегері Дмитрий Бармашов офицер атағына ие болды

ӨСКЕМЕН. 21 ақпан. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы Азиада ойындарында фристайлдың могул түрінен алтын жүлдеге ие болған Дмитрий Бармашовқа ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі берген кезекті лейтенант атағын табыс етті.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, Дмитрий Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері болып табылады, сонымен қатар өрт сөндіру қызметі саласында екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тынымсыз еңбегі мен жетістікке жеткені үшін ҚР ТЖМ-ның бұйрығына сәйкес Д.Бармашовқа офицер атағы берілді.

Ал Дмитрий Бармашовтың өзі болса, Азиададағы алтынына қарамастан, әлі көп тер төгу керек деп санайды. «Ешқашан бір орында тұрып қалмау керек. Енді менің міндетім Сочиде өтетін Олимпиадада осындай нәтижеге қол жеткізу. Ал әзірге, биылғы жылдың наурыз айында мен Швецияда өтетін Әлем кубогына қатысуды көздеп отырмын, сондықтан демалатын уақыт жоқ», - дейді ол.