Азиада жәдігерлері Астана тарихы мұражайында сақталатын болады

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 7-Қысқы Азия ойындарынан кейін Алау эстафетасының жәдігерлері Астана тарихы мұражайында сақталатын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Алау эстафетасы дирекциясының баспасөз хатшысы Кирилл Пяртель мәлім етті.

Оның хабарлауынша, Алау эстафетасының тұғыры, арнайы колба, жылжымалы қазандық, сондай-ақ шырақшылар мен алаугерлердің киімі, Азия ойындарының символикасы, әнұраны Тәуелсіздік сарайындағы Астана тарихы мұражайында арнайы экспозиция ретінде сақталатын болады. «Алау эстафетасының жәдігерлерін арнайы экспозиция ретінде сақтау туралы ұсынысты Астана тарихы мұражайының басшылығы жасаған болатын. Біз ондай ұсынысты бірден қолдап, ортақ шешімге келді. Себебі 7-Қысқы Азия ойындары - бұл Астана тарихындағы жарқын сәттердің бірі. Сондықтан Астанада Азиаданың арнайы экспозициясы болуы шарт», - деді К.Пяртель.