Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының медальдар кестесінде қай орында тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы жарыс күнінде дзюдодан Абиба Әбужақынова (48 келі) күміс, Мағжан Шамшадин (60 келі) қола жүлдегер атанды.
Нәтижесінде Қазақстан екі жүлдемен медальдар кестесінде оныншы орынға жайғасты.
Жалпы алғанда 24 қыркүйекте барлығы 18 елдің спортшылары жүлдеге қол жеткізді.
Көш басында 29 (19 алтын, 7 күміс, 3 қола) медальмен Қытай құрамасы тұр.
Одан кейінгі орындардағы Оңтүстік Кореяның - 14 (5-4-5) және Жапонияның - 13 (2-6-5) медалі бар.
Айта кетсек, Қазақстан Ханчжоу қаласына 30 спорт түрінен 524 атлет (262 ер, 262 әйел) алып барды.
Дүбірлі додада спорттың 8 түрінен: бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис пен жеңіл атлетикадан Париж Олимпиадасына лицензия ойнатылады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.