Оның хабарлауынша, Азияның Олимпиада кеңесі орналасқан Әл-Кувейт қаласында жағылған Азиада алауы күннің отымен тұталуы қажет. Сондықтан Қазақстан мен Кувейттің өкілдері өзара кеңесе келе, күн отын алудың грециялық жолын емес, жаңаша әрі замануи әдісін қолдануды ұйғарды. «Азиада алауы арнайы күн сәулесін жинайтын батареялардың негізінде жағылды. Міне, осы кезде бізге күн нұры аса қажет болды. Бірақ қатты жел тұрып, аспанда бұлттар қаптап тұрды. Сол кезде біз Алладан жақсы ауа райды тіледік. Осыдан кейін күн шайдай ашылды. Біздің қуанышымызда әрі таңданысымызда шек болмады. Азиада алауын жағу рәсімі ойдағыдай өтті», - дейді А.Кәрібаев.
Оның айтуынша, осыдан кейін Қазақстан жерінде де Алау эстафетасы ашық әрі жылы ауа райы жағдайында өтті. «Қыста үнемі аяз болып тұратын Өскемен қаласының өзінде Алау эстафетасы өткен екі күн бойы тек -9-10 градус қана суық болды. Ал эстафета өткеннен кейін, Өскемендегі ауа райы күрт суып, -30 градусқа дейін барды», - дейді ол.