Азиаданың допты хоккей жарысына біз тек алтын жүлде үшін барамыз – «Ақжайық» хоккейшілері

None
Л. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Осы жылдың басты спорттық додасы - Астана мен Алматы қалаларында болатын 7-Қысқы Азия ойындарында допты хоккейден алғаш рет жарыс өтпекші. Ақ Азиадада спорттың осы түрінен Қазақстан намысын Оралдың «Ақжайық» командасының хоккейшілері қорғайды. Алдымен допты хоккейдің тарихына қысқаша тоқтала кетелік.

Тарихи дерек көздеріне қарағанда, қазіргі допты хоккейге ұқсас бенди деп аталатын ойын он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында Англияда дүниеге келіп, Батыс Еуропа, Скандинавия елдеріне тарала бастапты. 1913 жылы Швейцарияның Давос қаласында тұңғыш рет Еуропа чемпионаты ұйымдастырылғанымен, бірінші және екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты халықаралық жарыстың аяғына тұсау салынады. Тек 1957 жылдан әлем біріншілігі ұйымдастырылып келеді. Орайы келгенде бенди деп те атай беретін ойын шайбалы хоккейге қарағанда, өзгешерек, мұнда айдынға алты емес, он бір ойыншы шығады. Яғни футболға көп туыстығы бар. Тек ойыншылар коньки «мініп», қолдарына таяқ ұстайды. Алаң ауқымы да, қақпасы да әлдеқайда үлкен. Дөңгелек доптың диаметрі 6 сантиметр де, салмағы 58-62 грамм. Міне, осы допты хоккейшілер шеберлікпен алып өтіп, бір-біріне пас беріп, қарсыластың қақпасына соғуы тиіс. Айып алаңында тәртіп бұзылса, 12 метрлік айып добы белгіленеді. Бұрыштама добы да беріліп жатады. Кеңес дәуірінде көптеген спортшылар жазда футбол қуып, қыста допты хоккейдің соңына түсіп, екі біріншілікке бірдей қатысып жүрді. Доптың хоккейдің көгалдағы хоккей деген «бауыры» тағы бар.

Допты хоккей Қазақстанда өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңын ала дами бастапты. Өлке спортының тарихынан деректер жинастырып жүретін Кенжебай Рахимовтың айтуынша, Оралда әуесқой клубтар 1929 жылы құрылыпты. Кәдімгідей мұз дайындалып, қала біріншілігі өткізіліпті. Бұл туралы сол жылғы ақпанда облыстық «Красный Урал» газетінде (қазіргі «Приуралье») жазылыпты. Сондықтан мұны нақты дерек деуге болады. Сол мезгілде еліміздің Петропавл, Семей, Алматы қалаларында да спорттың осы түріне ден қойғандар айдынға шығыпты. Ал шеберлер командасы Оралда 1976 жылы отау тікті. Бастапқыда «Орал» деп аталып, кейін ол «Геолог», «Уралец», «Казахгаз», «Орда», «Қарашығанақ-АГС» болып сан рет өзгерді. Ақыры «Ақжайық» деген әдемі атауға тұрақтап, қазір бұған көз де, құлақ та үйренді.

Биыл команданың құрылғанына 35 жыл толғалы отыр. Осы уақыт ішінде талай талантты хоккейші түлеп ұшып, даңқы жер жарғандар аз болған жоқ. Команда Ресей чемпионатының жоғары лигасына шыға алмаса да (мұның бірнеше себебі бар), талай рет бірінші топтың үздіктері қатарынан көрініп, жүлдегер атанды. Кеңес дәуірінде КСРО біріншілігінің жеңімпазы, әлденеше мәрте жүлдегері атанып, тіпті Еуропа чемпиондарының кубогіне шейін ұтып алған Алматының «Динамосы» тарап кеткеннен кейін көрші елдің чемпионатында өнер көрсететін жалғыз қазақстандық команда болып қалды. Жалғыз шабу қаншама қиын болса да, өзге мемлекеттің төрешілеріне дейін кейде қырын қараса да, барлық қиындыққа төзіп келеді. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бәрі тоз-тоз болып кеткенде, батысқазақстандықтар өз командасын сақтап қалды. Тіпті 1998 жылы Орал қаласында допты хоккейден жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты ұйымдастырылып, онда жергілікті жеткіншектерден құралған Қазақстан құрамасы жүлделі үшінші орынға қол жеткізген еді. Осының бәрі, біле білсек, бір жақсылыққа бастап жүр екен.

1982 жылы «Геолог» командасының бапкері Анатолий Земляновтан маусым алдында сыр тартып, сұхбаттасыппыз. Сонда «Командада не өзгеріс бар?» деген дәстүрлі сауалға жаттықтырушы ойыншылардың аты-жөнін атапты. Қазір қарап отырсақ, «Геолог» құрамында қандастарымыз жоқтың қасы болған екен. Тек Алматының «Динамосына» алынған сол кезде он тоғыз жастағы Марсель Киікбаев қана ауызға ілігіпті.

Бендидің «ағайыны» - шайбалы хоккейден Астана «Барысының» шабуылшысы Талғат Жайлауов қарсыластар қақпасына қақырата гол соққанда, төбеміз көкке жетіп, жалымыз күдірейіп шыға келетіні секілді, алдағы Азиадада Қазақстан атынан айдында атой салатын қазіргі «Ақжайық» командасының құрамына қарасақ, көз тоқтап, көңіл сүйсінеді. Қақпашы Ілияс Хайрекешев, Ескендір Нұғманов, Еламан Әліпқалиев, Самат Аманшин, Арыстан Қазыбаев, Асқар Темірғалиев, Нұрлан Оразғалиев - жалындаған жас жігіттер. Бұлардың бәрі де - еліміз тәуелсіздік алған тұста тәй-тәй басып жүргендер. «Ақжайық» допты хоккей клубының бас директоры Нұфтолла Түменовтің атап өткеніндей, қазір команданың 60-70 пайызы - өзіміздің қара көздер. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де қазақ жеткіншектері аз емес. Допты хоккейден сексен жылдан астам тарихы бар Оралда - отбасы-әулетімен осы спорт түрін қалағандар бар. Соның бірі - Нұғмановтар. Өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан ұлтжанды азамат, марқұм Қайбош Нұғмановтың ұлы Сәкен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Талай жарысқа қатысып, кейін өзі де «Ақжайықты» жаттықтырды. Сол Сәкеннің ұлы Ескендір Нұғманов бүгінде жасы жиырмадан жаңа асса да, әлем чемпионаты сынды додаларға қатысып, маман-сыншылардың көзіне түсіп үлгерді. Бұл - жүйрік мініп, желмен жарысқан қазақ баласының мұзда да құстай зымырап, ұшқыр ойын өрнегін көрсете алатынының бір айғағы. Бұл қысқы спорт түрлерінде мүлдем сирек көрінетін қандастарымыздың бабы келісіп, бағы жанса, қай-қайсысына да икемі бар екендігін дәлелдейді. Жиырма жыл ішінде ел намысын қорғайтын жергілікті жастардың өсіп шығуы, түптеп келгенде, тәуелсіздігіміздің жемісі. Соның бірі, 1989 жылғы Петр Грибанов «Ақжайықтан» команда капитаны, тәжірибелі тарлан Владислав Новожилов, Ескендір Нұғмановпен бірге биылғы әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғауға шақырылып отыр.

Допты хоккейден Қазақстан құрамасы таяуда, дәлірек айтқанда, 23-30 қаңтарда Қазан қаласында өтетін әлем біріншілігінде бақ сынайды. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Никишов ел құрамасының бас бапкері міндетін атқаратын болса, 63 жасқа толған тағы бір белгілі хоккейші Александр Ионкин аға жаттықтырушы болмақ. Ионкин демекші, бұл хоккейші-бапкердің де алғашқы қадамы осы Оралдан басталған. Інісі, марқұм Анатолий «Қайраттың» мерген шабуылшыларының бірі болса, Александр үлесін допты хоккейден алды. Алматының «Динамосы» сапында жасындай жарқылдап, КСРО құрамасына кірді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бапкерлікке ден қойып, Қазақстан құрамасын екі мәрте әлем біріншілігінің қола жүлдегері атандырды. Әлем чемпионатында командалық ойын түрінен қазақстандықтар тек осы допты хоккейден ғана жүлдеге қол жеткізді.

Жалпы, допты хоккейдің жалғыз «жазығы» - оның олимпиадалық ойын түріне жатпайтындығы. Сөйтіп ол көбінесе шайбалы хоккейдің көлеңкесінде қалып, өгей баланың күйін кешетіндей көрінеді. Ел төрінде болатын Азия ойындарында допты хоккей додасы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жөнінен, бәлкім, Қазақстан допты хоккей үшін тарихтың жаңа бетін ашар. Болашақта бұл спорт түрі қысқы олимпиада ойындарына да жол тартуы әбден мүмкін. Азия ойындары өтетін мемлекеттер кейде тек сол елге тән, өзінің ғана оң жамбасына келетін, көпшілік біле бермейтін спорт түрін бағдарламаға ебін тауып, енгізіп жатады. Бұл жағынан алғанда, допты хоккей тойға барғандай. Олимпиадалық ойын түріне айналу үшін сол спорт түрі барынша кең таралып, көп елде қанат жаюы керек. Жыл сайынғы әлем чемпионатында (оған «А» мен «Б» топтарына бөлініп, он екі командаға дейін қатысып жүр) алтын жүлде үшін жан аямай тартысып жататын Ресей мен Швецияны былай қойғанда, допты хоккейі қатты дамып келе жатқан Финляндия, Норвегияларға АҚШ, соңғы кезде Азия елдері қосылды. Ресейліктер 2014 жылғы Сочи олимпиадасы кезінде допты хоккейден әлем чемпионатын да қоса өткізіп, бұл спорт түрін бүкіл әлем назарына ұсынбақшы. Қазақстан құрамасының команда бастығы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Орал хоккейі майталмандарының бірі Марат Маңғубаевтың мәлімдеуінше, биылғы Қазандағы әлем чемпионатында он жыл бойы Қазақстан құрамасы сапында ойнап жүргендердің дені жасы келгендіктен, соңғы рет сынға түседі. Бұдан кейін елдің бас құрамасы толықтай дерлік жаңарып, жас ойыншылар алынады. Ал Азия ойындарында допты хоккей жарысы Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында 2-6 ақпан аралығында өтпекші. Оған Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан елдерінің командалары қатысады делініп отыр. Мұнда ел намысын оралдық хоккейшілер ғана қорғайды. Тек Нижний Новгородтың «Стартында» ойнап жүрген батысқазақстандық Рауан Исалиев қана қосылады.

Азияда Қазақстанның шоқтығы биік, ешкімге есе жіберуі мүмкін емес. Дегенмен Азиададан кейін де өмір бар. Сондықтан ертең өкініп, сан соқпас үшін елде допты хоккейді дамыту бағытында қолға алар шаруалар жеткілікті. Ең алдымен Астананың «Барысы» секілді допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсететін азулы команда қажет. Бұл - бір. Екіншіден, өнебойы «кісідегінің кілтін» іздегенше, Қазақстан аймақтарында осы спорт түрін дамытып, өз біріншілігімізді өткізуді қолға алу керек. Үшіншіден, мамандар жиі қозғап жүргеніндей, жасанды мұз айдыны болмайынша, қаншама озық шыққанмен, «Ақжайықты» Ресей допты хоккей федерациясы жоғары топқа қабылдамайды. «Ақжайық» ойнайтын «Жастық» стадионында жасанды мұз айдыны болса, хоккейшілер маусым алдында басқа жаққа бармай-ақ дайындалып, шеберлігі өсе түсер еді. Қазіргі кезде жоғары топтағы ресейлік команданың намысын жыртып жүрген Рауан Исалиев, Денис Максименко, Леонид Бедарев сынды оралдық хоккейшілер қайтып оралар еді. Сонда қатырған мұз күн жылынғанда еріп кетіп, ойыншылардың жігері құм болмас еді. Нақ соның салдарынан біріншілік кестесіне сәйкес белгіленген матчтардың өтпей қалған кездері де болды. Қара жерде немесе шылқыған суда қызыл доп қуудың қиындығын басынан кешкендер біледі. Тіпті соның кесірінен ойыншылар тегіс жерде жарақат алып, қатардан шығып қалып жатады. Егер жасанды мұз айдыны болса, хоккейшілерге қазан айынан бастап мұзда жаттығуға мүмкіндік туар еді. Қала халқы, әсіресе, жастар өзге жаққа бет бұрмай, мұз айдынында серуендеуге ағылып келер еді. Бұл ертеңгі болашағымыз үшін қажет, дейді мамандар. Әйтпесе «Ақжайық» клубына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен, ресейліктер тілімен айтқанда, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағановтың күш салуымен барынша жағдай жасалуда. Мұны команданың басшы-бапкерлері қадап айтып отыр.

Сонымен, Азия ойындарында допты хоккей шеберлерінің алдында бір ғана мақсат тұр. Ол - алтын медаль алып, Қазақстанның көк байрағын желбірету.

Қазақстан құрамасының және «Ақжайық» командасының бас бапкері Алексей Никишовтің нықтағанындай, ел құрамасының жаттықтырушылары Ескендір Нұғманов, қақпашы Ілияс Хайрекешев, Петр Грибанов сынды жастардың қадамына үміттене көз тігеді. Еламан Әліпқалиев, Самат Аманшин, Арыстан Қазыбаевтар және бар. Олар Азиадада Николай Шавалдин секілді тісқаққан хоккейшілермен бірге сынға түседі. «Әрине, стадионымызда жасанды мұз айдыны болса, командамыз бұдан да жақсы өнер көрсетер еді. Шыны керек, Швеция, Ресей сынды мемлекеттерде мұндай айдындар көптеген қалаларда бар. Еліміздің батыс қақпасы саналатын, Ресейдің бес бірдей аймағымен шектесетін Батыс Қазақстан үшін мұндай мұз айдынының маңызы зор. Есепке салып қарағанда, қаржысы да аса көп емес. 1,5 млн. еуродай болар. «Ақжайық» футбол клубының стадионына жасанды көкөрай төселді ғой. Сондай игілікке біздің де қолымыз жетсе деген тілек бұл», дейді ол.

Допты хоккейден Қазақстан құрамасының мүшесі Ескендір Нұғманов өз арман-аңсарын былайша білдірді: «Әлем чемпионатында, одан кейін іле-шала Азия ойындарында ел намысын қорғау үлкен жауапкершілік жүктейді. Кезінде әкелеріміз Қазақстан атынан мұндай додаларға бара алмады. Ал біздің алдымыздан Тәуелсіздіктің арқасында даңғыл жол ашылып отыр. Мүмкіндік мол, тек пайдалана біл. Бұл - зор мақтаныш, басқа қонған бақ емес пе!»