Азиаданың тарихында алғаш рет шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер құрамамасы алтыннан алқа тақты

АНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін - тарихи күн. Азиада өткізіліп келе жатқаннан бері алғаш рет шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер құрама командасы жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты.

Бүгін, ақпанның 6-сы күні Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында 7-Қысқы Азия ойындары аясындағы шайбалы хоккейден ақтық ойында біздің хоккейшілер Жапония құрамасымен кездесіп, өз қарсыластарын 4:1 есебімен жеңді.

Ойынның бірінші кезеңінде екі команда тең ойнап, бір-біріне шабуыл жасаумен болды. Есеп - 0:0. Екінші кезең де осындай қарқынмен басталды. Осы кезеңнің соңғы минуттарда ғана біздің хоккейшілер қарсыластың қорғанысын бұзып, №14 ойыншы Евгений Блохин Жапонияның қақпасына алғашқы шайбаны салды. Осыдан бірер минөт өткеннен кейін оның аттасы Евгений Фадеевтің көмегімен №21 ойыншы Илья Соларев екінші шайбаның авторы атанып, есепті еселеді. Үшінші кезеңде №7 ойыншы Максим Семеновтың үшінші шайбасынан кейін Жапония құрамасы біздің қақпамызға бір шайба кіргізіп, таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ №48 ойыншы Роман Старченко салған шайбадан кейін жапониялық хоккейшілер мүлдем артта қалды. Есеп - 4:1. Ақ Азиада аясындағы шайбалы хоккейден ерлер арасындағы жоғары дивизион жарыстарының жеңімпазы, 7-ші Қысқы Азия ойындарының алтын алқа иегері - Қазақстанның құрама командасы.

Осылайша біздің хоккейшілер 7- Қысқы Азия ойындары аясында Жапониямен матч-реванш өткізіп, Ақ Азиаданың тарихында алғаш рет шайбалы хоккейден чемпион атанды. Бұған дейін 2007 жылы Қытайдың Чанчунь қаласында өткен Азиадада Қазақстан мен Жапония құрамалары кездескен болатын. Ол кезде біздің хоккейшілер күміс жүлдеге ие болған.

Бүгін Ақ Азиаданың тағы бір жеңімпазы, қоржынымызға тағы бір алтын медаль салған хоккейшілер командасын Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов құттықтап, алтын медальдар тақты. Сондай-ақ іс-шара барысында 2-3-орындардың иегерлері - Жапония мен Корея командаларына марапат көрсетілді.