Азық-түлік бағасы: елде сауда үстемесі үшін жазаланғандар көбейді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде азық-түлік бағасына сауда үстемесін асыра қосқандар көбейген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасында 15% мөлшеріндегі сауда үстемесінің шекті деңгейі белгіленді. Бұл талаптың орындалуына Министрлік тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қадағалау шаралары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес және белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

- Осы жылдың басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес, сауда үстемесінің белгіленген шекті мөлшерін асырғаны үшін 3 449 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды. Салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 82,5 млн теңгеден асты. Мәселен, 2025 жылдың тиісті кезеңінде аталған бап бойынша 2 191 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды, ал салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 39,6 млн теңгеден асты, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұл ретте 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 2026 жылы жауапкершілікке тартылған сауда субъектілерінің саны 57,4%, ал салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 108,3% өсті. Осы жағдай белгіленген сауда үстемелерінің шекті мөлшерін бұзуға тосқауыл қоюға қатысты әкімшілік әрекет ету шараларының күшейгенін көрсетеді.

Сауданың үстеме бағасын асырғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері:

- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК.

Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет үшін айыппұл сомасы екі еселенеді.

Айта кетейік, жақында Құрылтай депутаты «үй жанындағы» дүкендерге үстемақы үшін салынатын айыппұлды алып тастауды ұсынды.