Азық-түлік экспорттаушылардың 80 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі

Фото: Олеся Жуковень / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр шикізаттық емес экспорт бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес экспорт бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізілді. Шикізаттық емес тауарлардың экспорттық позицияларының саны 278-ге (5732-ден 6010-ға дейін) өсті. 2019 жылдан бастап тұрақты белсенді экспорттаушылар саны 300 компанияға, яғни 460-тан 760-қа дейін өсті. Экспорт географиясы 135 елге дейін кеңейді (2022 жылы 129 ел болды). Азия елдеріне дайын өнімді жеткізу көлемі артты: Қытай – 8 пайыз, Оңтүстік Корея – 26 пайыз, Вьетнам – 46 пайыз. Көрсетілетін қызметтер экспортының 29 пайызға өсуі кезінде, мыс, ферроқорытпалар, мырыш, күміс, мұнай өнімдері сияқты өнеркәсіптік тауарлар бойынша жеткізулердің төмендеуі байқалды. Жеткізудің төмендеуі әлемдік бағаның құбылмалылығы, сұраныстың төмендеуі және мақсатты нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі сияқты сыртқы факторларға байланысты», - деді А. Шаққалиев.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешені бойынша өңделген өнімдерді жеткізудің нақты көлемі, атап айтқанда ұн – 1,1 пайызға, күнбағыс майы – 55,5 пайыздан астам, сусындар – 42,8 пайызға өсті.

«Азық-түлік экспорты ерекше маңызды, өйткені азық-түлік экспорттаушылардың 80 пайызы шағын және орта бизнес субъектілері», - деді министр.