Азық-түлік келісімшарт корпорациясы дәнді және майлы дақылдарды қабылдап жатыр

Фото: АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Салық заңнамасындағы өзгерістер мен агроөнімге ішкі бағалардың құбылмалылығы жағдайында мемлекеттік қолдау шараларының маңызы артып отыр. Осыған байланысты Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2024-2025 жылдары басталған тікелей сатып алу бағдарламасы аясында астық және майлы дақылдарды қабылдауды жалғастыруда.

Бағдарлама шеңберінде берілген өтінімдер басым тәртіппен қаралады. Өнім жеткізушілер жедел ресімдеуге және жедел қаржыландыру алуға үміттене алады. Бұл фермерлерге көктемгі егіс науқанына уақытылы дайындалуға мүмкіндік береді.

2026 жылы сатып алынатын дақылдардың тізбесі кеңейтілді. Бидай мен арпадан бөлек, ұлттық оператор күнбағыс, майлы зығыр және қарақұмық қабылдайды. Дақылдар желісін кеңейту агроқұрылымдардың көбірек санын қамтып, егіс алқаптарын әртараптандыруды ынталандыруға бағытталған.

2026 жылғы 16 ақпандағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер корпорация ресурстарына 114 мың тонна астық жөнелтті. Ең ірі көлем Ақмола облысы шаруашылықтарынан – 43,7 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысы – 40 мың тонна және Қостанай облысы – 24,2 мың тонна көлемінде сатып алынған.

Ұлттық оператордың және оның үлестес құрылымдарының қаржыландыру құралдары бойынша қолданыстағы немесе ұзартылған міндеттемелері жоқ фермерлер мен агроқұрылымдарға бағдарламаға қатысуға рұқсат етіледі.

Тікелей сатып алу бағдарламасы мемлекеттік астық резервін толықтыру және жем-шөп қорын қалыптастыру мақсатында іске асырылуда. Корпорация басқаруында жыл сайын шамамен 2 млн тонна мемлекеттік және коммерциялық астық болады. Оның ішінде 500 мың тоннасы – мемлекеттік резерв, 200 мың тоннасы – жемдік қор. Бұл қорлар маусымдық және баға ауытқуларын реттеуге, ішкі нарықтағы тапшылықтың алдын алуға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге қажетті шикізаттың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тікелей сатып алу тетігі ауыл шаруашылығы өнімдерін әділ бағамен кепілді өткізуге жағдай жасап, «өндіруші – сатып алушы» тізбегіндегі делдалдарды қысқартады. Соның нәтижесінде фермерлер рентабельділікті сақтап, алдағы даму жоспарларын айқындай алады, ал мемлекет азық-түлік нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өңірлік өкілдіктері қабылдайды.

Байланыс ақпараты:

  • Астана қаласы, Мәскеу көшесі, 29/3, тел. (8-717-2) 59-12-32 (ішкі 2484; 2025;), 59-12-39 (ішкі 2375), 59-12-61 (ішкі 2261), 55-11-60 (ішкі 2476);
  • Ақмола облысы: Көкшетау қ., Нұрсұлтан Назарбаев көш., 19, тел. (8-716-2) 55-11-51, 55-11-54, 42-25-22;
  • Шығыс Қазақстан облысы: Өскемен қ., Бейбітшілік көш., 30, 206 кеңсе, тел. (8-723-2) 25-95-67, 56-06-57;
  • Қостанай облысы: Қостанай қ., Тәуелсіздік көш., 147, тел. (8-714-2) 53-11-44, 53-12-44, 54-28-20;
  • Солтүстік Қазақстан облысы: Петропавл қ., Партизанская көш., 160, тел. (8-715-2) 55-11-60, 42-22-66.

Айта кетейік, бұған дейін АШМ майлы дақылдардың өсімдік шаруашылығының табыс драйверіне айналғанын хабарлады.