Азық-түліктің 11 түріне бағаның ең төменгі деңгейі енгізілмек — Сауда және интеграция министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Сауда және интеграция министрлігінің сайтында күнбағыс майы, ұн, тауық жұмыртқасы, арақ және т. б. 11 тауар түріне бағаның ең төменгі деңгейін енгізу туралы ақпаратты жарияланды. Мұның мәнін ведомстводан түсіндіріп берді.
Министрліктің мәліметінше, бағаның ең төменгі деңгейі (БТД) тауарлардың көтерме және бөлшек бағасына әсер етпейді. БТД импорт кезінде салықтарды есептеу кезінде ғана қолданылады. БТД — бұл тауарларды импорттау кезінде ҚҚС төлеуден бас тартуға жол бермеуге арналған механизм.
— БТД импорттаушы мәлімдеген баға мен жергілікті өндірушілердің бағасы арасындағы орташа мән ретінде есептеледі. Бұл мән тек тауарларды импорттау кезінде ҚҚС сомасын есептеу үшін қолданылады. 2025 жылдың 1 шілдесіден бастап БТД енгізілетін 11 тауардың тізбесі 2024 жылғы қазанда бекітілген және БТД қолдану қағидаларына сәйкес тоқсан сайын жаңартылып отырады. Тоқсан сайынғы жаңарту қажеттілігі кейбір тауарлар бағасының маусымдылығына және импорт бағасының құбылмалылығына байланысты, — деп түсіндірді министрліктен.
БТД тетігі салық органдарының бастамасы бойынша 2021 жылы қабылданды және 2022 жылдың 1 шілдесіден бастап қолданылып келеді.
Салық органдары тауарларды экстремалды төмен бағамен әкелу жағдайларын тіркеген жағдайларда БТД тетігіне жүгінеді. Мысалы, 2023 жылы нарықтық бағамен тоннасына 120-140 мың теңгеден болған жағдайда бидайды тоннасына 9 мың теңгеден әкелді, 2024 жылы күнбағыс майын орташа нарықтық бағасы Қазақстанда литріне 814 теңгеден болғанда литріне 275 теңгеден төмен бағамен әкелді, ал 2025 жылы алманың нарықтық бағасы кг үшін 500 теңге болғанда 9 теңгеден, шұжық — кг үшін 695 теңге (шамамен 3,5 мың теңге) әкелінді.Мұндай құн импорт кезінде төленуі қажет ҚҚС сомаларының айтарлықтай төмендеуіне әкеледі.
Сауда және интеграция министрлігі бағаның ең төменгі деңгейінің жарияланған өлшемдері біздің елде сатылатын тауарлардың бөлшек немесе көтерме бағасы емес екенін тағы да атап өтті.
Бұған дейін хабарланғандай, сауда үстемесін асырып қосқан кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды.