Әзірбайжан Біріккен Еуропа аумағына ұзақ мерзімге газ жеткізіп отыру мәселесі бойынша Еуроодақпен келісті

БРЮССЕЛЬ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиев пен Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу бейсенбі, 13 қаңтар күні Бакуде Еуропалық Одақ аумағына Әзірбайжан газын ұзақ мерзімге жеткізіп отыру жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойды, деп хабарлайды Еурокомиссияның баспасөз қызметі.

Еурокомиссияның басшысы атап өткендей, «бұл келісім Еуропаның Каспий бассейніндегі газға тікелей шығуын қамтамасыз етеді. Газ жеткізудің осы жаңа бағдары еуропалық тұтынушылар мен кәсіпорындардың энергетикалық қауіпсіздігін арттырады».

Жеткізілетін газ мөлшері мен газ жеткізудің қашан басталатындығы әзірше хабарланбағанымен, бұл келісімге қол қою «Оңтүстік газ дәлізін» құру және Еуропаға энергия жеткізушілерді әртараптандыру жөніндегі Еуропалық одақ бағдарламасын жүзеге асыруда маңызды қадам болып табылатындығы айтылды.