Әзірбайжандық әнші түркітілдес халықтардың әнұранын жазады

БАКУ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Берік Хамидов/ - Танымал әзірбайжандық әнші Аслан Гусейнов түркітілдес халықтарға арналған жобаны жүзеге асыру үшін Орта Азия елдеріне аттанады.

Әнші Аслан Гусейнов журналистерге ірі жобаны жүзеге асыру - түркітілдес халықтардың әнұранын жазуды көздеп отырғанын мәлімдеді.

«Мен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанға идеяны жүзеге асыратын музыканттарды табу үшін аттанып жатырмын. Композиция бірнеше түркі тілінде орындалады және онда ұлттық аспаптар: әзірбайжандық тар немесе кяманча, қазақтың домбырасы, қырғыздың темір қомызы, түрікмендік ситар, өзбектің дитары және т.б. аспаптардың үні естіледі. Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Алтай, Башқортстан, Гагаузия, Хакасия, Якутия, Татарстан, Тува - бұл түркітілдес аймақтардың барлығы ТҮРКСОЙ-ға кіреді», - деп мәлімдеді әнші. Аслан тек Әзірбайжанмен емес, Қазақстанмен де тығыз байланысты.

Ол 1937 жылы Қазақстанға жер аударылып жіберілген әзірбайжандардың отбасынан шыққан. Әнші ретінде Аслан Гусейнов Қазақстанмен қатар Орта Азияда да кеңінен танымал. «Сталиндік репрессия жылдары біздің отбасымызды Қазақстанның Шымкент облысына жер аудартып жіберген, содан кейін біз Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Жаңа жол» ауылына көшіп кеттік. Содан кейін дүниеге мен келдім. Жасым 25-ке келгенде, Қырғызстанға шығармашылық сапарға аттандым. Сол жерде қалып, жұмыс істей бастадым, ал он жылдан кейін Әзірбайжанға көштім. Бұл жерде он жылдың ішінде бұдан да үлкен танымалдыққа ие болдым», - деп қосты Аслан.