Қашанда қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастырып, тұрмысы төмен отбасыларға қарайласып тұратын «Әзірет Сұлтан» мешітінің бұл жолғы акциясы 120 отбасыны қамтыды. Акция барысында Рамазан айында мешітімізге көмек сұрап келген көп балалы отбасыларға, тұрмысы төмен жанұяларға, мүгедек жандар мен асыраушысынан айырылғандарға қаржылай көмек көрсетіліп, азық-түлік берілді.
Қасиетті рамазан тек құлшылық айы ғана емес. Бұл айда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауыз бекітіп, ораза ұстаумен қатар, көптеп жақсылық жасауды, садақа беруді, жұртқа көмектесуді бұйырған. Осы арқылы қоғамның барлық мүшелерінің бір-бірімен бірлігі артып, қасиетті рамазан айының нығметін сезе түсуі тиіс. Осылай деп ой толғаған «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз жиналғандарды қасиетті рамазан айымен құттықтап, азық-түлік салынған сөмкелер мен қаржылай көмекті табыстады.