Бұл туралы бүгін аталған мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы айтты.
«Біз биыл Құрбан айтты басқа айттардан ерекше атап өтіп отырған жайымыз бар. Яғни «Әзірет Сұлтан» мешіті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» қорымен бірігіп, «Раббын үшін намыз оқы, құрбан шал» деген акция өткізіп жатырмыз»,-деді ол.
Оның атап өтуінше, акцияның мақсаты құрбандыққа шалынған малдың етін Астана төңірегіндегі елді мекендерде тұратын мұқтаж адамдарға таратып беру. Өйткені, бұл күндері мыңдаған адам құрбандық шалып, етін балалар мен қарттар үйіне береді. Ал, олардың саны аз, әрі мұнша мол етті қабылдай алмайды.
«Сондықтан биыл «Әзірет Сұлтан» мешіті Астана қаласының айналасындағы елді мекендердегі мұқтаж кісілерге үйді-үйді аралап, ет таратуды жоспарлап отыр. Құдай қаласа, айттың екінші күні осы елорда маңындағы «Алтын таға» базарында «Әзірет сұлтан» мешіті акцияға қатысушы жамағаттың атынан 25 ірі қараны құрбандыққа шалып, айттың үшінші күні мұқтаж кісілерге азық-түлік діни кітаптармен қоса тарататын боламыз»,-дейді мешіттің бас имамы.