Бұл туралы елорданың бас мешіінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ислам діні жағдайы бар азаматтарды қоғамдағы әртүрлі тағдырымен қайырымдылыққа мұқтаж болған кісілерге, қоғам мүшелеріне көмектесуге, қол ұшын беруге, жәрдемдесуге шақырады. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Өзі тоқ жатып, көршісі аш жатқан адам бізден емес», - деген. Сондай-ақ, Құран Кәрімнің бірқатар аяттары да жұртқа садақа беруге, көмектесуге, қол ұшын созуға, тамақтандыруға шақырады». Осылай деген «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы мешіттің ұйымдастырып отырған бұл қайырымдылығы да осы өсиеттердің аясында екенін түсіндірді.
Қасиетті Рамазан айында мешіттен көмек сұраған мұқтаж жандардан 50-ден астам өтініш келіп түскен еді. Оның басым көпшілігі денсаулығына қатысты көмек сұраған адамдар. Мешіт ішінен құрылған ақылдастар алқасы өтініштерді жіті тексеріп, аса мұқтаж деп танылған 47 өтініштің иесіне 2,5 миллион теңге мөлшерінде қайырымдылық жасауды ұйғарды. Айлардың сұлтаны - Қасиетті Рамазан айы - рахымдылық айы болғандықтан мұқтаж жандар бұл күндерден ерекше қайырымдылық күтетіні сөзсіз. Ал бұл айда жасалатын қайырымдылықтың сауабы сансыз. Сол үшін де жұрт дәл осы мың айдан да қайырлы айда мал-мүлкінен мұқтаж жандардың үлесін беріп, пітір садақа қылады. Қайырымдылық халықтың Рамазан айы бойы берген осы пітір садақасының есебінен болды.
Әркімнің мұқтаждығына байланысты 100 мың теңгеге дейін қаржылай қайырымдылық жасалды. Бұған қоса, азық-түлік пен мұқтаж жандардың иманын күшейтетін, өмірдің тауқыметіне сабыр етуге шақыратын, жігерін жанитын, рухын қанаттандыратын діни әдебиеттер де қоса берілді.
Қайрат Жолдыбайұлы мешіттің қайырымдылық шаралары әлі де жалғасатынын айтты. «Алдымызда Құрбан айт келеді. Біз соған орай акция өткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, кәсіпкерлердің басын қосып, қаладағы, аудан-ауылдардағы мұқтаж адамдарға құрбандыққа шалынған малдың етін тарататын боламыз», - деді бас имам. Сондай-ақ, имам жағдайы төмен отбасылардан шыққан 100-ден астам оқушыларға «Әзірет Сұлтан» мешіті мектеп киімдері мен мектепке қажетті заттарын алып беруді ұйымдастырып жатқанын жеткізді.
Қайырымдылыққа қолы жеткен жандар пітір садақа қылған жұрттарға, қайырымдылық қылған кәсіпкерлерге және осылардың бәрін ұйымдастырып, үлестіріп отырған мешіт ұжымдарына алғыстарын айтып, Алланың разылығын тіледі.
Ақнұрлы Сағынғалиева:
- Қызым күйіп қалып, алты ай бойы жүре алмай қалған еді. Көмек сұрап мешітке келдім. Мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы «қара зире майын жақсаңыз қалай болады» деп кеңес берді. Аллаға сансыз шүкір айтамын, сол зиреден күйіктің ізі де қалмады. Енді міне, қаржылай да көмек қолын созып жатыр. Алла риза болсын!
Күлмәрия Боранбаева:
- Сіңлімнің осы Астанаға келіп аяқ-қолы сал болып қалды. Тұрақты тіркеуі жоқ болғандықтан еш жерге ауруханаға алмай қойды. Ал өзім қатерлі ісікке шалдыққанмын. Алланың қалауымен намазға жығылып бес жылдың ішінде бұл аурудан жазылып шықтым. Бүгінде осындай халімізді түсініп, қайырымдылық көрсетіп отырған жұртқа, мешіт ұжымына ризашылығым шексіз. Қашан келсем де мешіт қызметкерлері жоғары шығарып, жаныңа жылу беретін, жігерлендіретін сөздер айтып шығарып салады. Осының өзі мен үшін үлкен қайырымдылық болды.