«Әзірет Сұлтан» мешіті ораза айт мерекесі құрметіне қайырымдылық шарасын ұйымдастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті ораза айт мерекесі құрметіне қайырымдылық шарасын ұйымдастырды, деп хабарлады мешіттің баспасөз қызметі.

Күллі мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті Рамазан айының аяқталуына да аз қалды. Енді ертеңгі күннен бастап,  мұсылман жамағаты Ораза айт мерекесіән тойлауға кіріседі. Кедей мен байды теңестіріп, кем-кетікті толтыратын қасиетті мерекеге орай бүгін «Әзірет Сұлтан» мешіті «Айттық бізден болсын!» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

Рамазан айында берілген пітір садақасының есебінен аталмыш акция аясында Астана қаласындағы тұрмысы төмен 150-ге жуық отбасыға көмек көрсетіліп, айттық азық-түлік қоржыны  таратылды.  Айттық қоржыны бір отбасының бір айлық күнкөрісіне жетерлік азық-түлік, балаларға арналған тәттілермен толтырылған. 

фото: mahalla1.ru